25/03/2026
Киелі Түркістанның төрінде айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбековтың 50 жас мерейтойына орай ұйымдастырылған «Алаштың Бекарысы, айтыстың Бейбарысы» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Бұл додада ақындар жоғары деңгейдегі өнер көрсетіп, көрерменнің үлкен ықыласына ие болды.
Айтысқа төрелік еткен қазылар алқасының мүшесі, айтыскер, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бекжан Әшірбаев өз парақшасында айтыс туралы төмендегідей пікір білдірді:
«БЕКАРЫС АҚЫННЫҢ МЕРЕЙЛІ БЕЛЕСІ
«Әркімге туған жері – Мысыр шаһары» деген керемет сөз бар. Абайдың Қасқабұлағын, Мұқағалидың Қарасазын, Жұмекеннің Қошалағын құрметпен еске алатынымыз сондықтан. Биыл ердің жасы 50-ге толған Бекарыс Шойбеков бауырым үшін туған жері Отырар мен ақын, азамат ретінде қалыптасқан Түркістанның алатын орны алабөтен.
Ол бұл белесіне ерекше дайындықпен келіп, ел алдында шығармашылық есебін берді. Түркияда жарық көретін Евразия Жазушылар одағының әдеби-мәдени "Kardeş Kalemler" журналы тұтастай бір нөмірін ақынға арнап, қаламдас, сахналас әріптестерінің зерттеу мақалаларын жариялады. Халықаралық дәрежеде ғылыми айналымға түсіп, ұлттық әдебиетіміздің мерейін бір өсіріп тастады.
Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» деген атпен төрт том кітабы жарық көрді. Алаш жұртын аузына қаратқан айтыстарының эпопеясы. Түркістандағы «Достық үйінде» тұсауы кесіліп, сахна шеберлерінің абызына, ақылшысына айналған Жүрсін Ерман мен айтыстың қазірге ұйымдастырушысы, аяулы ақынымыз, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай бастаған топ жылы лебіздерін білдірді.
Мемлекет басшысы Қ.-Ж.Тоқаев биылғы Наурыз мерекесін түркі халықтарының рухании астанасына айналып келе жатқан көне шаһарда қарсы алғанын білеміз. Сол салтанатты шарада Бекарас Шойбеков «Парасат» орденімен марапатталғаны бәрімізді қуантты. Бұл – өңірдегі өнер мен мәдениетке берлген жоғары баға деп те білеміз.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мерейтой иесіне көлік сыйлап, оның кілтін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы табыстады. Ақынын сыйлаған ат үстіндегі азаматтарға алғысымыз шексіз.
“Алаштың Бекарысы, айтыстың Бейбарысы” деген атпен өткен жыр сайысына Иранғайып Күзенбаев, Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан, Мұхтар Ниязов, Мақсат Ақанов, Анар Жаппарқұлова, Жансая Мусина, Шұғайып Сезімхан, Жұлдыз Қожабекова, Нұрлан Есенқұлов, Нұлан Жауынбаев, Дәурен Ақсақалов сияқты кіл мықтылар қатысты. Бәйгеден мойына озық келген Иранғайып бауырымыз бәс бәйгені қанжығасына байлады.
Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев бауырымның шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ақын мерейтойы барлық салтанатымен өтті. Туған жері Отырарда болатын тойы да ел мен жер рухын көтеріп, өзгелерге үлгі болады деп сенеміз».
Бекжан Аширбаев